Чистяков М. өлеңдерінің қазақша аудармалары

1) Михаил Чистяков «Солдат дәптерінен» (аударған Ғалым Байбатыров)

Атқыштар ротасына жазылдым мен,
Алғы шепте не болып, не қоймайды.
Жаяу әскер қосыны сапында мен,
Сараптаймын жауынгерлік жағдайды.
Жарақатты алып әлі көргем жоқ, 
Награда алған жоқпын мен әлі
Жаңбыр болып төбемізден төнгенде оқ,
Деп ойлаймын жайым қалай болады.
Фугастардың тозағынан қорғанып,
Тереңдетіп жерді үңгіп қазамын.
Арасында жүргендеймін қарманып, 
Өмір менен ортасында ажалдың.

2) Михаил Чистяков «Зоя» (аударған Ғалым Байбатыров)

Найзағайдан болған қайың жаралы,
Сол араға жерледік біз Зояны.
Сөнді осылай өрге ұмтылған нар-талап,
Оқ ішінен алып шықтық арқалап,
Қарлығаштай қанатымен су сепкен, 
Медбикеге тағзым еттік құрметпен.
Қанша жанды құтқарды ол өлімнен, 
Алып шығып қырғын шайқас шебінен.
Талай рет біздер үшін жылаған,
Жатыр жансыз енді міне ізгі адам.
Күңіреніп, қош айтыстық Зоямен,
Өзек өртер өкінішті наламен,
Құрмет жасап жоғарыға оқ аттық,
Қапылыста бір өмірді жоғалттық.

3) Михаил Чистяков «Солдат жыры» (аударған Ғалым Байбатыров)

Өлеңдер!
Келдің маған
Жанған оттың ішінде
Тәтті ұйқыда
Кірдің менің түсімде.
Ор-окопта,
Санбаттарда, өткелде
Оранғанда будақ-будақ түтінге.
Қыр үстінде молалардың басында
Жауынгерлер кеуде ашқанда жасынға. 
Шаңдақтарда
Батпақдарда саз кешкен,
Ажырамай жүрдің менің қасымда,
Өлеңдер!
Орадыңдар ой-санамды жалынға, 
Бөледіңдер жанды жылы ағымға.
Толқытасың, тербетесің, сілкисің
Ойнақ салып менің ыстық қанымда.
От-жалын боп жүрегімді өртейсің,
Шабуылда атой салған шағымда.

4) Михаил Чистяков «Соңғы оқ» (аударған Ғалым Байбатыров)

Жан-жағынан жау қоршауы анталап,
Жауынгерді тұтқындауға жан салат.
Тірі қолға түсір деген бұйрық бар,
Ер жігітті тұқыртып бір байқамақ.
Қарсыласты жалғыз оғы қалғанша,
Арпаласты дұшпан шеңгел салғанша,
Жалғыз оқпен жалғыз жауды жайратар,
Өлген артық жауға пенде болғанша.
Өз шебінен жалғыз қадам шегінбей,
Тұтқын болып сағы сынып берілмей,
Соңғы оғын саусағына қысып ап,
Солдат жатыр жау алдында жеңілмей.

5) Михаил Чистяков «Құрдастар» (аударған Ғалым Байбатыров)

Қанды шайқас кеткен алыс жылыстап,
Дала жатыр егінжаймен тыныстап.
Асқақтаған мәрмәр белгі астында,
Жодастарым жатыр мәңгі ұйықтап.

Мен ояумын,
Ой тірелмес тұйыққа,
Шеру тартқан пойыздары шығысқа
Жатқан кезді жауға қару кезеніп,
Ақ Еділдің өткелі үшін ұрыста.

Әлі күнге жаным тыныш таппайды,
Соларды ойлап таңым кейде атпайды,
Әрбірінің есімдерін айтамын,
Жүрегіме ұя салып көп қайғы.
Шақырсам да құрбыларды, мылқау түн,
Жауап қатпас тас кереңсің, мылқаусың,
Он тоғызда Мәскеу, Орел, Сібірден,
Әрқайсысың түлеп ұшқан сұңқарсың. 

Қан майданның алыстады күркірі,
Бейбіт шақтың маған қымбат бір күні.
Ардақтаймын әр ошақтан төгілген,
Сыңғырлаған риясыз күлкіні.

Клубтарда қыздар әнін шырқайды,
Рельсте бейбіт состав зырлайды.
Еділдегі жан беріскен өткелде,
Қызыл қанат қызл гүлдер бүр жайды.

6) Михаил Чистяков «Зайсан» (аударған Ғалым Байбатыров)

Арайлы таң нұрын шашты күлімдеп,
Шымылдығы ну қамыста дірілдеп.
Үнсіз Зайсан. Алып кептер сияқты
Қанаттарын бауырына алған гуілдеп. 

Самал да жоқ. Тасқын да жоқ, толқын жоқ
Жүзді кемем кең айда еркіндеп.
Көлдің үсті ғажайып бір суретте,
Көз тартады көгілдір нұр торғын-көк.

Құтан мүлгит ештеңені елемей.
Сәулеменен зораяды телегей.
Қамыс біткен сорайып тұр, шаншылып,
Жоңғарлардан ұмыт қалған жебедей.

Көл үстін де, көлді сүйген жағаны,
Салтанат күй әлдиіне алады.
Тыңдашы әне: нұрлы Зайсан осы шақ,
Сыңғыр күміс қоңырауын қағады.

7) Михаил Чистяков «Менің жағалауым» (аударған Ғалым Байбатыров)

Баз біреулер өмірге
Таптауырын алды жол.
Ал біреулер өмірге
Соны сүрлеу салды жол.
Менің жолым – жел өті,
Қарлы, жаңбыр, дауылды
Қиыны мол зарлы жол.
Өмір – мұхит. Жол ауыр
Жүзе-жүзе шаршадым.
Көз алдымда жағам тұр
Ізгі үміттей қол созым.
Жеткізер ме маған бұл
Жағалауым күттірген -
Ақ арманда аңсарым
Ыстығым да суығын,
Кештім өмір майданын,
Кештім лай, тұнығын.
Алда тынық айлағым
Онда - менің тағдырым,
Онда – ойлы, сал жырым,
Онда – қарттық, жайлауым.

Өткен жолды, аймақты
Қарт көзімен шолармын.
Өмір-мерей, тойлатты
Зерделі оймен аңғардым.
Қарттық күзде жағаға
Аз тізгінін байлатты...
Бәрін қабыл алармын.